Атырауда адамдарды алдап мүлкі мен ақшасын иемденген күдікті ұсталды

219

Алаяқтардан абай болыңыздар!

Атырауда адамдарды алдап мүлкі мен ақшасын иемденген күдікті ұсталды Фото: istockphoto.com

Атырауда 30 жастағы азамат таныстарының сеніміне кіріп, алаяқтық жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Атырау қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, күдікті бір жыл бойы адамдарды алдап, ақшасын иемденіп келген.

"Атырау қаласының тұрғыны 2022-2023 жылдары танысының сеніміне кіріп, жұмысқа тұрғызып беремін деп алдаған. Сөйтіп, жәбірленушіге 800 мың теңге материалдық шығын келтірген. Күдікті қылмыстық әрекетін жасау үшін әйелдің даусымен сөйлеп, бірнеше сим-картаны пайдаланып отырған. Қала аумағында орналасқан пәтерді жалға алып, оны сатып жіберу үшін алдын ала төлемдер алған. Мәселен, 150 мың теңгеге жалға алған пәтерді 8 млн теңгеге сататыны жөнінде жарнама шығарған. Жәбірленушіден пәтер үшін автокөлік пен 2 млн теңге көлемінде саудаласып, ақшаны нотариалды түрде қарыз алу шартын жасақтау арқылы алатынын айтқан. Осылайша, жәбірленушіге 2 млн теңге материалдық шығын келтіргені анықталды", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, аталған күдікті тұрмыстық техникалық заттарды сату үшін әлеуметтік желіде жарнама беріп, бірнеше тұрғынды алдаған. Қазір 30 жастағы күдіктіге "Алаяқтық" дерегімен қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр.

"Облыс тұрғындары мен қонақтарына алаяқтық әрекетке алданбау үшін әлеуметтік желідегі жарнамаларды мұқият тексеріп, ақшаға мұқият болуды ескертеміз. Модильді телефонға келген әр хабарландырудың дұрыстығын тексерген жөн", – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу