Атырауда АИТВ жұқтырғандар саны артқан

1149

Биыл 32 адамнан вирус анықталды.

 Атырауда АИТВ жұқтырғандар саны артқан

Атырауда АИТВ (адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы) жұқтырған 400 адам есепте тұр. Биыл оны жұқтырғандар саны 14 адамға өскені алаңдатады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Дертке шалдыққандардың 284-і Атырау қаласында, 13-і Жылыой, 6-ы Индер, 1-і Исатай, 2-і Қызылқоға, 7-і Құрманғазы, 2-і Мақат, 6-ы Махамбет ауданында анықталған. Ал осы жылдың басынан бері 32 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болған. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 14 жағдайға көп. 

Атырау облыстық ЖИТС(СПИД)-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Ж. Төлемісованың айтуынша, індеттің құрығына іліккендердің 187-сі, яғни 58,2 пайызы ер адам, ал 134-і (41,7%) әйел. Олардың жас ерекшелігі әртүрлі, 19 жасқа дейінгілер саны – 11, 20-39 жас аралығында  218, 40 пен 62 жас аралығында 92 адам осы вирусқа шалдыққан.

Әлеуметтік мәртебесі бойынша нақтылайтын болсақ, бұлардың ішінде 116 адам жұмыс жасайды, 173-і еңбекпен қамтылмаған.  Алты науқас мектеп оқушысы және студент, екі адам әскери, біреуі зейнеткер. Ауру жұқтырғандар арасында шетелдіктер саны – 79. 

"Вирусты жұқтырудың негізгі жолы – жыныстық қатынас. АИТВ адамдарға 80 пайыз осы жолмен жұққан", – дейді Ж. Төлемісова.

Қазіргі күні облыста "АИТВ: әрбірін түсіну" атты онкүндік өтуде. Қараша айының 15-25 аралығын қамтитын шара аясында медициналық және басқа да құрылымдарда кездесулер өткізіліп, халықты салауатты өмір салтын сақтауға шақыратын шаралар ұйымдастырылып, АИТВ-ың алдын алу туралы ақпараттық-насихат жұмыстары ұйымдастырылады. АИТВ инфекциясын анықтаудың жалғыз жолы – барлық емханалар мен  ЖИТС орталығында тегін жүргізілетін зертханалық тексеріс деуге болады. Бұдан бөлек, ЖИТС орталығында анонимді тексерілу, достастық кабинеті, сенім бекеті мен сенім телефоны қарастырылған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу