Атыраулықтар енді айыппұл тұрағына тоғытылған көліктері үшін ақы төлемейтін болды, деп хабарлайды 24.kz.
Бұған дейін айып тұрағына енгізілген көлікке тұрғындар әр күн сайын 800 теңге төлеп келді. Алты ай немесе бірнеше жылдан асып кеткен көліктердің иелері ақшасын төлей алмай осында қалдырып кететін жағдайлар жиі кездесетін. Осындай қаржылық қиындық салдарынан бүгінде айып тұрағы лық толды. Қазір мұнда 170 жеңіл автокөлік, 96 мотоцикл, ондаған қайық пен жүк көліктері тұр. Бұл көліктерді айып тұрағына соттың шешімі немесе жол полициясы, балық қорғау иснпекциясының браконьерлерден тәркілеген көлік-құралдары және көліктік бақылау иснпекциясының мамандары әкелген. Алды 10 жылдан астам тұрған көліктер симаған соң тұрақ қызметкерлері оларды бірінің үстіне бірін қалап орын босатудан басқа амалдары қалмаған. Енді мәселе шешілетін болды.
"2018 жылғы Атырау қаласы әкімінің нөмірі 1441 қаулысымен бұл ақылы автотұрақ қаржы төлеуден, бәрінен босатылды. Бұрынғы 2005 жылғы қаулының күші жойылып енді қазір тұрғындар өздерінің көліктерін алып кетіп жатыр", - дейді "Арнайы автобаза" ЖШС директорының орынбасары Жанболат Сұлтанғалиев.