Атырауда "Ақжайық" жуу-булау стансасының аумағы тазартылды

1518

Ол жерде логистикалық орталық салынбақ.

Атырауда "Ақжайық" жуу-булау стансасының аумағы тазартылды

Атырау қаласының аумағын көп жылдан бері ластап келген "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ-на қарасты "Ақжайық" жуу-булау стансасы кейін көшірілгенмен, оның әбден бүлінген 4,4 га жері тазартылмай тұрған еді. Қазіргі күні төгілген мұнай өнімдеріне тұнып қалған учаске толықтай тазартылған. Келешекте қала әкімдігі бұл жерде логистикалық орталық ашпақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кету керек, бүлінген аймақтың тазаруы облыстық экология департаментінің ұзақ уақыт бойғы табанды еңбегі арқасында мүмкін болды десе болғандай. Мекеменің тікелей араласуымен 2006 жылы мұнай өнімдері тиелген цистернадағы қалдықтарды булап, ыстық сумен жуып келген "Ақжайық Батыс" ЖШС-ның жұмысын қала сыртына көшірілгенге дейін тоқтату жөніндегі сот шешімі шықты. Қазіргі күні аталған серіктестік таратылған. Алайда 1994 жылдан бері жұмыс істеген станса бұл жердің топырағын бүлдіріп, жарамсыз қылып тастапты.  
Қалай болғанда да, жауапты ұйымдардың қоршаған ортаға қолдан жасалған қиянатын қалпына келтіртуге ұмтылған Атырау облысы бойынша экология департаменті 2019 жылы осы дерек бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіп, ол бойынша "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ Атырау филиалына бүлінген жерді сол жылдың қыркүйек айына дейін қалпына келтіру жөнінде нұсқама беріледі. Бірақ, теміржол тасымалымен айналысатын мекеме оған құлақ аспағаннан кейін, 2019 жылғы 3 желтоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Тараптардың текетіресі мұнымен бітпей, департамент Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына топырақтың ластану салдарын мәжбүрлеп жойғызу туралы арызбен жүгінеді. Сот  "Қазақстан темір жолы" АҚ-на 2020 жылдың 24 тамызына дейін "Ақжайық" стансасы аумағында мұнай өнімдерімен ластанған топырақты тазарту жөнінде шешім шығарғанмен, ол жақ өз кезегінде апелляциялық шағым түсірген. Одан кейін департаменттің пайдасына шешілген сот шешімі жеке сот орындаушысының қолында кідіріп қалады.  

Ал биыл 9 ақпан күні сағыздай созылған мәселе бойынша облыстық экология департаменті, Атырау көлік прокуроры, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" Атырау бөлімшесі филиалы, сот орындаушысы, қала әкімдігінің өкілдерімен қатысқан жиналыс өтіп, бүлінген аумақты наурыз айына дейін тазарту керектігі нақтыланады. Бұл жолы расымен де стансадан қалған қалдықтар түгелдей тазартылған. Сөйтіп, бір ай ішінде "Ақжайық" жуу-булау стансасы орнынан 390 тонна мазутталып қалған топырақ пен мұнай өнімдерінің қалдықтары сақталған бес цистерна шығарылады.

"Аумақтағы ластанған топырақ пен қалдықтар бетондалған бассейндерге жиналып, кейін шығарылды. Жасалған жұмысты жіті қадағалап отырдық", - дейді департамент басшысы Әлібек Бекмұхамбетов.

Қазіргі күні қала басшылығы тазартылған жерді "Атырау" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына беруді жоспарлап отыр. Болашақта бұл арадан азық-түлік тауарларын сақтауға арналған логистикалық орталық бой көтереді деп күтілуде.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу