Атырауда алаяқтық қылмыс көбейген

1663

Полиция бұрын жасалған қылмыстарды да анықтады. 

Атырауда алаяқтық қылмыс көбейген

Атырау облысында алаяқтық қызметі өсті, соның ішінде, облыс тұрғындарының басқа өңірлерден келген "гастролерлерден" алданып қалған оқиғалары да жиілеген, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Нақтырақ айтсақ, биыл мұнайлы өңірде 720 алаяқтық қылмысы ресми тіркелген. Былтырғы сәйкес кезеңде оның саны 421 болған. Бұл қылмыстардың 407-сін интернет-алаяқтық құрапты.

"Атыраудағы интернет-алаяқтықтың көп кездесетін түрлері "Instagram", "Facebook", "Olx", "Доходный бизнес", "Колеса КЗ", "Крыша КЗ" және тағы басқа интернет парақшаларындағы жұмысқа орналастыру, әртүрлі киім-кешек, жиһаз, зергерлік бұйымдарды, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату, онлайн несиелер рәсімдеу, ақшаны екі есе көбейтіп беру жөнінде жарнама шығарып алдап, көп жағдайда "Каспий банк" қосымшасы арқылы алдын ала ақша аудару",– дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Аман Ізмағамбетов.

Қазіргі күні ел көлемінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтың алдын-алу, оны тергеу және ашу бойынша 2021-2022 жылға арналған бағдарлама жасақталған. Ал облыс деңгейінде ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтықтардың алдын алу мақсатында "Anti Fraud" жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Соның нәтижесінде бұрынғы жылдарда жасалған 21 құқық бұзушылық ашылып, қазіргі кезде тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 

"Ашылған істерді зерделеу барысында кей қылмыстарды басқа облыс тұрғындары жасағаны анықталып отыр. Атап айтқанда, 13 эпизод бойынша Өскемен қаласының тұрғыны, 8 факті бойынша Павлодар қаласының тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта аталған істер бойынша процессуалдық шешім қабылданды", – деді Аман Ізмағамбетов.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу