Мұндай мүсіндерді көне түркілер өмірден өткен адамдарға, көбіне көрнекті тұлғаларға ескерткіш ретінде орнатқан. Биіктігі 1 метр 20 см, ені 50 см болатын тарихи мұра оғыз-қыпшақ дәуіріне жатады деген болжам бар.
Археологиялық экспедиция жетекшісі Сейілхан Мираштың айтуынша, балбалтас Атырау өңірінен алғаш рет табылып отыр.
"Балбалтастармен бірге құлшылық ғұрыптарын орындауға арналған керек-жарақтар табылды. 9 ғасырдан бастап ислам дінінің таралуына байланысты біздің даламызда мұндай балбалтастар жойыла бастады, өйткені исламда адам бейнесін бейнелеуге болмайды", – дейді С.Мираш.
Қазір табылған көне мүсін ғылыми орталыққа жеткізілді. Зерттеуден кейін ол облыстық тарихи-өлкетану музейінде экспонат ретінде сақталады.
Ая ӨМІРТАЙ