Бүгінде Атырау өңірінде 375 бала аллергиялық аурумен ауырады. Оның 214 - бронх демікпесімен, 82 - атопикалық дерматитпен, қалған 61 - аллергияның әртүрлі ауруларына шалдыққан, деп хабарлайды atpress.kz.
Бұл дерт өршіп келеді деп, жергілікті дәрігерлер дабыл қағып отыр. Әсіресе, аллергиялық-патологиялық сырқаттан зардап шеккен балалар саны жылдан-жылға өсуде. Мәселен, биыл жыл басынан бері 21 бала аллергологтың тізіміне тіркеліпті.
Мамандардың айтуынша, аллергиялық дерттің белең алуына бірнеше себеп бар. Соның бірі – құрамында консерванты, бояғышы бар тағамдарды көп қолдану. Сонымен қатар, экологияның қолайсыздығы да бала ағзасындағы аллергендердің қозуына түрткі болады. Оның үстіне қатты жел, мұнай-газ өндіріс орындарының тұрғын үйлерге жақын орналасуы осы дерттің дамуына себепші. Балаларға еш негізсіз антибиотиктер, анальгетиктер және шәрбаттарды да жиі беруге болмайды. Сондай-ақ, нәрестелерді жасанды қоректендіруге әуестілік танытпаған жөн. Темекі түтіні де елеулі әсер етеді.
Өкінішке қарай, бүгінде өңірде аллергиямен ауыратын балалар саны артқанымен, дәрігерлер тапшы. Бар болғаны үш балалар аллергологы жұмыс істейді. Оның екеуі облыстық балалар ауруханасында, біреуі №7 қалалық емханада. Мамандардың айтуынша, Атырауға әлі де 10 балалар аллергологы қажет. Демек, бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, түйіні күрмеулі болатын түрі бар.