Атырауда анасы балаларын жалдамалы пәтерге тастап кеткен

539

35 жастағы әйел еш жерде жұмыс істемейді. Ол екі баласымен 2019 жылдың қазан айынан бері қаладағы Тельман көшесінде пәтер жалдап тұрып келген. Жақында 3 және 5 жастағы екі қызын қараусыз тастап, кетіп қалған.

Атырауда анасы балаларын жалдамалы пәтерге тастап кеткен

Бұл туралы полицияға әйелдің Ақтау қаласында тұратын 18 жастағы үлкен қызы хабарлайды. Анасы оған қоңырау шалып, осындағы кіші сіңлілеріне қарауды тапсырыпты.

Арада күндер өткенімен, анадан хабар болмаған. Оны таныйтындар, соңғы рет 5 қараша күні Дүтбаева көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінде көрген. 

Тексеру кезінде, бұдан бұрын әйелдің "кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, ал балалардың бейімдеу орталығына орналастырылғаны анықталды.

"Қазіргі уақытта екі қыз бала қайтадан бейімдеу орталығына орналастырылды, ал  әйел адамға қатысты жинақталған құжаттар "ата-ана құқықтарын шектеу туралы" мәселені қарау үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді", – деді Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу