Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен арнайы топ құрылып, Каспий теңізінің Жайыққа құяр сағасында өлшеу жұмыстарын жүргізді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Топ құрамына Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы, "Қазгидромет" мекемесінің Атыраудағы филиалының техник-гидролигі Фазилат Құсайынов, облыстық экология департаментінің бас маманы Әсима Қайыржанова, балық шаруашылығы саласының ардагері Санат Тілепбергенов және табиғат пайдаланушы мекемелердің өкілдері енген. Мұндағы мақсат – теңіз тамағындағы су тереңдігін анықтау.
Өлшеу жұмыстарын жүргізе келе, комиссия мүшелері теңіздің тамағы өте тайыз деген қорытындыға келіп отыр. Нақтырақ айтқанда, судың тереңдігі Жайықтан бір шақырым қашықтықта – 1,10 метр, 800 метр жерде – 0,75 метр, 500 метр тұста – 0,71 метр, 300 метр аумақта – 0,83 метр, ал, теңіздің ең аузында – 0,43 метрді құраған.
"Бұл – өте төмен көрсеткіш. Оның үстіне, бірнеше күннен бері теңіз жақтан жел есіп тұр. Демек, су келіп жатыр. Соның өзінде теңіздің тамағы бітеліп жатыр. Ал ертең су кері қайтқанда не болмақ? Сондықтан, тез арада теңіз түбін қазу қажет. Әйтпесе, балықтар да, кемелер де тайыз судан өте алмайды. Бұл су астындағы тіршілікке де, балық кәсіпшілігіне де кері әсерін тигізеді. Осы сапар барысында жинақталған барлық материалдарды құзырлы орындарға жолдауды жоспарлап отырмыз" дейді басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы.
Құралай Қуатова