Атырауда әскери бағытта білім беретін "Сармат" мектебінде қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде аталған мектеп-лицейдің тәрбиешісі оқушының бірін қорқытқаны туралы ақпарат тарады.
Осыған байланысты Атырау облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
– Атырау облысындағы "Сармат" мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 236 оқушы білім алады. Оқушыларға 39 мұғалім дәріс береді. Оқушылардың интернаттағы тәртібін 19 тәрбиеші қадағалайды. Оның ішінде 6 тәрбиеші түнгі кезекшілікте жұмыс істейді. Мектеп-лицей басшылығы мен оқушылардың ата-аналары арасында қол қойылған келісім бар. Аталған оқушы мектеп-лицейде бірнеше рет тәртіпсіздік жасап, ескерту алған. Оқушы мектепішілік есепке алынған. Бұл туралы ата-анасына ескертілген, – деп ақпарат берді басқарманың баспасөз қызметі.
Қазір оқушы ата-анасының арызына тергеу амалдары жүріп жатыр.
– Білім басқармасы оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқушыға психологиялық көмек көрсетіледі, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.