Әлеуметтік желіде Атыраудағы 14 жастағы баланың далада түнеп жүрген бейнежазбасы тарады. Куәгерлердің сөзінше, үйдегі ересектер жасөспірімді тамақ пен темекі әкелуге мәжбүрлеген. Егер бала бұл талапты орындамаса, оны үйге кіргізбей қойған. Бұл туралы жергілікті Atyrau ONLINE Телеграм арнасы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отбасында 14 жастағы ұлдан бөлек 3 жастағы қыз бала да тәрбиеленген. Тұрғындардың айтуынша, баланың анасы ішімдікке салынып кеткен, ал оның ағасы жұмыссыз. Бұдан бөлек олар пәтерге мас адамдарды жиі әкеліп жүрген, ал балалары бұл уақытта қараусыз қалған. Көршілер бұл жағдайдан хабардар болғанын айтады.
"14 жастағы жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 жастағы қыз сәбилер үйіне орналастырылды", – деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаменті.
Белгілі болғандай, балалардың ата-аналары бұған дейін де өздерінің міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазір іс материалдары дайындалып, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданбақ. Ересектерді ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралатын болады.