Атырауда балалар аттракциондары былтырдан жабық тұр

1523

Кәсіпкерлер жұмыс істеуге тағы да рұқсат сұрады.  

Атырауда балалар аттракциондары былтырдан жабық тұр

Атырауда балалар аттракциондарының иелері облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағына шағымданды. Қала әкімдігі оларға жер жаздыгүні жер бөлуге уәде берген, күткен маусымның басталуына санаулы күн қалса да басшылықтан еш хабар болмапты, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, Атырау қаласында балаларды апарып ойнататын жер жоқтың қасы. Каруселдер мен батуттер былтырдан бері жұмыс істемей тұр. Олардың иелері күннің жылы кезінде ашық алаңнан жер бөлінсе, жұмыс істеп, шығындарын жапқылары келеді. Өйткені, біріншіден, балалардың көңіл көтеруіне арналған құрал-жабдықтарды көпшілігі несиеге алған, екіншіден, олардың көпшілігі металдан жасалғандықтан, тат басып, істен шыға бастапты. Бұған дейін кәсіпкерлердің осы мәселеге байланысты жергілікті кәсіпкерлерді қолдау палатасына шағымданғанын жазған болатынбыз. Қазіргі күні балалар үшін батут немесе қандай да бір ойын жабдығын құрып, жұмыс жасамақ болған адамдарды арнайы орын бөлінбегендіктен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен тәртіп сақшылары қудалап, айыппұл салып, жаптырып тастауда.  Амалы таусылған отызға жуық кәсіпкер мұң-мұқтажын  кәсіпкерлер одағына жеткізді.

"Біз әкімдікке де, құқымызды қорғауы тиіс мекемелерге де бірнеше рет шықтық. Олар бірінен біріне сілтейді, ал мәселеміз шешілмеген күйі қала береді", - дейді кәсіпкер Амантай Жақсылықов.

Бизнес иелерінің жаз мезгілін пайдаланып қалуға тырысуы бекер емес. Алда балаларды үш ай каникул мерзімі күтіп тұр. Бұдан бөлек, күннің жылы кезінде қосымша балмұздақ, поп-корн, жүгері, сусындар сатып та пайда түсіруге болар еді. Өкінішке қарай, мұнайлы өңірдің "қызыл аймаққа" жиі түсіп қалып отырғаны да аттракцион иелеріне қолайлы болып тұрған жоқ.

"Бүгінде бұл қызметпен айналысатын кей кәсіпкерлер заңсыз жұмыс жасауға мәжбүр болып отыр. Соған байланысты, біз қала әкіміне оларға арнайы жер бөлуді сұрап хат жолдадық. Ұсынысымыз оң шешіледі деп ойлаймыз", - дейді кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы директорының орынбасары Рафхат Бозбалиев.

Қала әкімдігінен жазғы аттракциондарға жер беру үшін аукцион өтететін хабарлады. Алайда, оны ұйымдастырып, шешімі шыққанша кемі бір жарым ай уақыт өтеді екен. Бұл – жаз маусымының тең жартысы тағы да күтумен кетеді дегенді аңғартады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу