Алдағы тамыз айында Атыраудағы Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі жабылады, деп хабарлайды egemen.kz.
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемедегі 25 тәрбиеленушінің тоғызы биыл мектеп бітірді. Алты баланы Алматы облысы Алакөл ауданындағы Лепсі ауданының тұрғыны асырып алыпты. Екі бала жаңа оқу жылынан бастап Алматыдағы физика-математика мектеп-интернаты мен спорт интернатында білім алады. Қалған сегіз оқушы отбасы үлгісіндегі "Шаңырақ" балалар ауылына ауыстырылады.
"Қазір Атырауда балалар үйінің тәрбиеленушілері азайды, - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова. – Облыста жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 605 бала бар, оның 478-қамқоршылықта. Облыс басшылығының қолдауымен жетім балаларды тұрғын үймен қамту шаралары жүріп жатыр. Соңғы үш жылдың өзінде 412 жетім балаға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берілді."