Ер адам 40 жастағы әйелін екі баласының көзінше ұрып-соғып, өлтірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы жайтты көпшілікке Threads қолданушысы mair_saduakhas хабарлаған. Ол қаза тапқан әйелдің өзінің бөлесі екенін айтып, адамдардан бей-жай қалмауды өтінген. Майра басылымға қаза тапқан әйелдің есімі Ләззат екенін айтқан. Ол күйеуімен 14 жыл отасқан. Үлкен қызы күзде 6-сыныпқа, ал кіші қызы 2-сыныпқа барады.
– Қыздары үшін бүкіл әлем анасы еді. Бірақ соңғы 5 жылда оның өмірі тозаққа айналды. Күйеуі Тимур жиі ішіп, үнемі әйелін соққыға жығатын. Ол балалары үшін шыдап, тіс жармайтын, шағымданбады. Соңғы 3 жыл Ләззат жұмыс істемей, отбасына, қыздарына арнады. Бүгін таңертең өмірден өтті. Қорған болуы тиіс күйеуі оның өмірін қиды. Екі қыз анасыз қалды, – дейді Майра Садуақасова әпкесін еске алып.
Марқұмның сіңлісі қазір кәмелетке толмаған 2 қызды интернатқа алып кеткенін жеткізді.
– Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-тармағы ("өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кешенді тергеу әрекеттері басталды", – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.