Атырауда балықты жергілікті жерде өңдеуді қолға алу тапсырылды

937

Атырауда балықты жергілікті жерде өңдеуді қолға алу тапсырылды

Атыраудың балығын ресейлік кәсіпкерлер сатып алып, оны өңдеп, қайта өзімізге өткізуде. Бізге олай жасауға не кедергі?

Құрманғазы ауданында өткен көшпелі кеңесте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев балықшыларға өнімді өңдеп сатудың маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Аймақта балық аулап сатумен айналысатын жиырмаға жуық кәсіпорын бар. Өндірілген өнімнің тоқсан пайызға жуығы Ресейге, қалған бөлігі Украина, Германия, Франция елдеріне пұлдап отыр. Әйтсе де, экспортқа шығарылып жатқан өнімдердің көп бөлігі өңделмеген күйде кетіп жатыр. Балықты өңдеп сататындар қатарына "Каспий балық", "Амангелді" кооперативін жатқызуға болады. Компания менеджерлерінің айтуынша, балық қалдықтарынан ұн жасалып, ол мал азығы ретінде сатылады екен.  

Кеңесте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев балық шаруашылығының өңделген өнімдерін экспортқа шығаруды арттыру мәселесін алға қойды. 

"Атыраудың балығын ресейлік кәсіпкерлер сатып алып, терең өңдеп сатып отыр. Бұны біз неге жасай алмаймыз? Елбасы биылғы Жолдауында ауылшаруашылық саласы еліміз үшін стратегиялық басым бағыттардың бірі екендігін айтты. Біз Атырау облысында экономиканы әртараптандыра отырып, экспортқа терең өңделген өнімді шығаруға ден қоюымыз керек", – деді облыс басшысы. 

Әкімнің айтуынша, бастапқыда түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Әйтсе де, бұл түптің түбінде кәсіпкер үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де орасан зор пайда. Жиын барысында балықшылар балықты тексеруден өткізудің қиындығы мәселесін көтерді. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев орынбасарына бұл мәселемен айналысып, ауданнан зертхана ашуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетелік, Атырау облысында қазір 40 балық шаруашылығы учаскесі бар. Кәсіпшілік балық аулаумен 19 балық шаруашылығы субъектісі айналысып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу