Атырау облысында 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Баспаналарға қазынадан 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Нысанның басым бөлігі, яғни 24-і қала шетіндегі Талғайран, тағы 4-і Самал ықшам ауданында орналасқан. Өзгелері Исатай, Жылыой, Мақат және Индер аудандарында.
"Сақалды құрылыстың" алды 4 жыл бұрын басталған. Жыл аяғына дейін тапсырылуы керек-тін. Жауапты басқарма басшысы: "жұмыс мердігер компаниялар салғырттығынан кеш қалды", дейді. Құрылысқа атүсті қарағандар тізімінде "Дәнекер", "Көлсай", "Каспий кадрлар қауымдастығы" мен өзге серіктестіктер бар. Мұнайлы өңірдегі жеке тұрғын үй коооперативтері де жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Қазір үлескерлердің жиған қаржысын алған компаниялар кесірінен 6 баспана тағдыры да белгісіз. Әкімдік құрылыс компанияларымен арпалысып әлек болып жатқанда, аймақта пәтерге зәру 29 мыңнан астам адам кезекте тұр.
"Талғайраң ықшам ауданында 24 көпқатарлы тұрғын үй жұмыстары жүргізіліп жатыр. Проблемасы тұрғын үйде емес, оған тартылатын инженерлік инфрақұрылым желісінде.Яғни бұл жұмыстарыд жүргізуші мердігер мекеме тараптарынан жұмыстарын аяқтамау фактісі орын алған.Тапсырыс беруші мердігерді сотқа берді, күні бүгінде келісімшарттары бұзылды.Қазір қайтадан мердігер мекемені анықтау жұмысы жүріп жатыр. Бұл бойынша жұмыс тоқтап тұрған жоқ, процес жүріп жатыр ғой енді", - деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.