Атырауда білім беру басқармасының басшысы мен бірнеше қызметкері ұсталған

590

Жуық арада облыстық әкімдікке қарасты барлық басқармада ішкі аудит жүргізілетін болады.

Атырауда білім беру басқармасының басшысы мен бірнеше қызметкері ұсталған

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов білім беру басқармасы басшысының ұсталуына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік органдар басшыларымен өткен аппарат жиынында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасады, сондай-ақ, 2019 жылға нақты тапсырмалар жүктеді.  

Сонымен қатар, жиналыс барысында Серік Шәпкенов қазіргі таңда білім беру басқармасының бірнеше қызметкерінің, сондай-ақ басқарма басшысының ұсталуы бойынша мәлімет барын айтып өтті.

"Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүріп жатқандықтан біз болған жағдайға толыққанды баға бере алмаймыз. Күдіктілердің кәнісін сот анықтайды. Алайда, атқарушы орган тарапынан осы және өзге де мемлекеттік қызметкердің қызметтегі адалдығына күмән туғанының өзі бізді бей-жай қалдырмайды. Себебі, жемқорлықпен күрес - біздің жұмысымыздағы ең басты тапсырма, сондықтан біз осындай жайттар орын алмас үшін бар күшімізді салатын боламыз, – деді Серік Шәпкенов.

Серік Шәпкеновтің айтуынша, жуық арада облыстық әкімдікке қарасты барлық басқармада ішкі аудит жүргізілетін болады.

"Ішкі аудит бөлімінің қызметкерлері барлық басқармаға кіріп, мемлекеттік сатып алу құжаттарындағы және ішкі құжаттардағы заңның сақталуын жіті тексеретін әрі талқылайтын болады. Егер қандайда бір басқарма немесе соған қарасты ұйымдарда тәртіп бұзушылық орын алатын болса, арнайы шаралар қабылданатын болады", – деді Серік Жамбылұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу