Атырауда бір жасар бала есігі құлыптаулы көлікте қалып, тұншыға жаздаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты mgorod.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, 10 маусымда 103 пультіне шақыру түскен. Әйел баласын қалалық перзентхананың маңында тұрған көлігіне тастап кеткен, ал оралғанда оның ес-түссіз күйде жатқанын көрген. Әйел бірден баланы перзентханаға апарған. Жедел жәрдем диспетчері осы ауданда жүрген бригаданы жіберген.
Дәрігерлер баланы тексерген кезде ес-түссіз жатқан, терісі қызарып ісінген. Дене температурасы 40 градустан асқан, жүрегі тез соққан.
"103 бригадасы келгенге дейін қалалық перзентхананың неонатолог дәрігерлері алғашқы көмек көрсетті. Содан кейін жедел жәрдем фельдшерлері реанимациялық жұмысты жалғастырды", - дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Абдрахманова.
Дәрігерлердің арқасында бала аман қалған. Ол Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Ведомство өкілдері ата-аналарға аптап ыстықта баланы көлікте қалдырмауға кеңес берді.