Атырауда биыл 23,4 млн тонна мұнай өндірілген

970

Төрт өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ. 

Атырауда биыл 23,4 млн тонна мұнай өндірілген

Атырау облысы өнеркәсіптік өндіріс көлемі жағынан елімізде жетекші орында. Бұл көрсеткіштің 92,3 пайызы мұнай өндіру өнеркәсібімен байланысты, деп жазды  inbusiness.kz тілшісі. 

Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірде жыл басынан бері 23,4 млн тонна мұнай өндіріліпті. Оның ішінде, жыл басынан бергі қара алтын өндіру көлемі 23,4 млн тонна немесе салыстырмалы кезеңнің 99,8 пайызын құраған. Таратып айта кетсек, "Теңізшевройл" ЖШС 13,5 млн тонна, "НКОК" компаниясы 7,4 млн тонна, "Ембімұнайгаз" АҚ 1,2 млн.тонна мұнай өндірген.

"Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты 2 586,7 мың тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,2% көлемінде мұнай өңдеген. 2021 жылғы қаңтар-маусымдағы мұнай өңдеу жоспары – 2589,7 мың тонна",– деп атап көрсетті басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетов.

Сонымен қатар, мұнайлы өңірде 2022 жылы жалпы сомасы 47,4 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, соның арқасында 375 жұмыс орны ашылатыны белгілі болды.

Атап айтқанда, 7,4 млрд теңгеге бағаланған "Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP" ЖШС фармацевтикалық зауыты іске қосылса, 90 адамды жұмыспен қамтымақ. Бұдан бөлек, құны 29,9 млрд теңге болатын каустикалық сода, тұз қышқылы, алюминий оксихлориді және темір хлориді өндіретін "Global Chemical" ЖШС зауыты пайдалануға берілсе, 56 адамды жұмысқа алмақ. Ал бойлерлік бағыттағы "MEKEN CHICKEN" ЖШС құс фабрикасын жобасының құны 5,5 млрд теңгені құрап отыр. Онда 80-ге жуық адам еңбекпен қамтылады. Сол сияқты, келесі жылы 150 жаңа жұмыс орынымен қамтитын, жоба құны 4 млрд 600 млн теңге болатын, Атырау қаласындағы "NEWASCENT" ЖШС үй құрылысы комбинатының құрылысы аяқталмақ.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу