"Гүлге тапсырыс беріп, ақшасын төлемеген": Атырауда блогер мен оның досы алаяқтық үшін сотталды

263

Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

"Гүлге тапсырыс беріп, ақшасын төлемеген": Атырауда блогер мен оның досы алаяқтық үшін сотталды Фото: rano001__

Атырау қаласының №2 соты блогер Н. мен оның досы С.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бас бостандығынан айырды. Сот үкіміне сәйкес, Н. 6 жыл 6 айға, ал С. 5 жыл 6 айға сотталды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сот мәліметінше, 2024 жылдың 4 наурызы мен 12 сәуірі аралығында айыпталушылар инвестиция арқылы пайда табуға болады деген желеумен танысы Ш.-ны мобильді қосымша арқылы ірі көлемде ақша аударуға көндірген.

Олар жәбірленушіге ақша салу арқылы мол табыс табуға болатынын айтып, түрлі күндерде әртүрлі сомада қаржы аударуға үгіттеген. Н. мен С. жәбірленушімен ұзақ уақыт байланыста болып, жалған инвестиция жобасының сәтті жүріп жатқанын көрсетіп, шындыққа жанаспайтын иллюзия жасаған.

Қаржылық пайдаға тез қол жеткіземін деп сенген Ш. 33 миллион теңгеден астам қаржысын аударып, оның үстіне банктерден несие алып, бағалы алтын бұйымдары мен премиум санатындағы көліктерін кепілге қойған. Алайда уәде етілген табысты ала алмаған.

Сонымен қатар, сотта анықталғандай, Н. мен С. алаяқтық жолмен гүл сататын компаниялардың өкілдерін де алдаған.

Олар төлем жасамай гүл алуға көндіріп, кейін Н. Instagram парақшасында гүлдерді "Мистер Х"-тен сыйлық ретінде көрсеткен. Бұл әрекеттердің салдарынан жәбірленуші З.-ға 634 мың теңге, ал А.-ға 3 млн 354 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Келтірілген шығындар әлі өтелмеген.

Айыпталушылардың кінәсі тергеу барысында жиналған материалдармен: куәгерлердің айғақтарымен, геолокациялық деректермен, банктік аударымдар туралы мәліметтермен және заттай дәлелдермен толық дәлелденді.

Сот жазаны тағайындау кезінде олардың жасаған ісіне өкінгенін және біреуінің кішкентай баласының барын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу