Атырауда дала өртіне 62 млн теңге бөлінбек

1107

Өрт, шаң, дауыл – мұнайлы өңірдің "шырайына" айналды.

Атырауда дала өртіне 62 млн теңге бөлінбек

Атырауда дала өртінің алдын алу мақсатында 62 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Алайда биыл дала массивтерінде тілсіз жаудың дерегі тіркелмеген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"2021 жылға арналған облыстық бюджетте жергілікті атқарушы органдар "Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою" және "Дала өрттерінің, сондай-ақ, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елдiмекендерде өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шаралар" бағдарламалары бойынша 62 266 000 теңге қарастырылған, – дейді Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов.

ТЖД бастығының мәліметіне сенсек, биыл Атырау облысының дала массивтерінде өрт оқиғасы тіркелмеген.

Аталған департамент ғарыш мониторингі бойынша қызмет көрсетуге "Geo Sat" мекемесімен, жалпы сомасы 1 270 000 теңге болатын келісімшарт жасасқан. Орындаушы мекеме 6 сәуірден бастап 58 өрт ошағын суретке түсіріп көрсеткенмен, олардың бір де біреуі расталмапты. 

Дегенмен, дәл қазіргі кезде мұнайлы өңірдегі табиғат жағдайы мәз болып тұрған жоқ. Облыстың Тасқала ауылынан 40 шақырымдай қашықтықта қамыс өрті сөндірілуде. Ол аз болғандай, көршілес Астрахань облысын әбігерге түсірген шаңды дауыл бұл жаққа да жетіп, кешеден бері тұрғындардың берекетін алып жатыр. "Қазгидомет" мекемесі облыс халқына бүгін ауа райының қолайсыз болатындығын хабарлады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу