Атырауда дәстүрлі "Жыл кәсіпкері" өтті

1456

Биылғы шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді.

 Атырауда дәстүрлі "Жыл кәсіпкері" өтті

Атырау облысында "Жыл кәсіпкері" сыйлығының марапаттау салтанаты өтіп, түрлі аталымдар бойынша үздік кәсіпкерлер марапатталды. Байқау ұйымдастырушылары - облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және "Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің одағы" қоғамдық бірлестігі, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кетейік, байқау комиссиясы биылғы жылдың 15 қараша мен 15 желтоқсаны аралығында үміткерлерден өтінім қабылдады. 15-20 желтоқсанда "Үздік жас кәсіпкер", "Қызмет көрсету саласындағы үздік", "Медициналық қызмет көрсету саласындағы үздік", "Бөлшек сауда саласындағы үздік", "Үздік шаруа қожалығы", "Үздік өндіруші" және "Жыл кәсіпкері –2021" бас аталымы бойынша үздіктер анықталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков облыс басшылығы атынан кәсіпкерлерге экономиканы дамытуға қосқан жыл сайынғы үлесі үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, салтанатты шарада кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрайымы Гүлмира Жұмағалиева және Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Айбар Жаниязов кәсіпкерлер пандемия салдарына қарамастан, өз позицияларын сақтап қана қоймай, арттыра алғанын атап өтіп, жылы лебіздерін жеткізді.

"Биылғы жыл сыйлығының ерекшелігі – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келуі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нарықтық экономиканың белсенді дамуы үшін көп еңбек жасалды. Мемлекеттік қолдау арқылы атыраулық бизнес жыл сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Біз осы залда отырған азаматтардың көпшілігін мақтан тұтамыз. Осы азаматтар қатарында өңірдегі алғашқы кәсіпкерлері бар. Біз бүгін бизнес қалай қалыптасқанын еске алуға қуаныштымыз. Жеке дәстүріміз қалыптасты. Біз билік, бизнес пен қоғамның бірлігімен мықтымыз", – деп атап өтті Гүлмира Жұмағалиева.

Байқау қорытындысы бойынша "Үздік жас кәсіпкер" аталымында "Шишка" лофт-барының иесі Ару Камалова үздік атанды. "Қызмет көрсету саласындағы үздік" аталымында "Кофе бум" кофеханасының иесі Алишер Жуасбаев, "Медициналық қызмет көрсету саласындағы үздік" аталымында Атырау қаласы Бубновский орталығының директоры Риза Мырзағалиева жеңімпаз атанды. "Үздік шаруа қожалығы" аталымында "Достан Ата"  шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігітов, "Үздік өндіруші" аталымында "УльтраСтаб" ЖШС директоры Азамат Асылбеков топ жарды. "Құрылыс бизнесі саласындағы үздік" аталымында "НұрАтырауқұрылыс" ЖШС директоры Нұрлан Нұрмұханов жеңіске жетті. Ал "Жыл кәсіпкері-2021" кешінің басты жүлдесінің иегері "Prime Family Group" компаниялар тобының құрылтайшысы Нұрлан Мұқышев атанды.

Қоғамдық тамақтану саласында Нұрлан Мұқышев 14 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Оның белсенді қызметінің нәтижесінде Атырау облысында "Гинза-Атырау" премиялық санаттағы мейрамханасы, "Бармаглот" концептуалды бары, "Қазбургер" фастфуд кафе желісі, "Фреш энд гоу" қалалық типтегі кафе, "Чобан" ет мейрамханасы, "Бэйкерист" қала наубайханасы, сондай-ақ "Ви Бренд" креативті агенттігі сияқты жобалар ашылды. Бүгінде "Prime Family Group" компаниялар тобы қызметкерлерінің жалпы штаты 500 адамды құрайды.

Сондай-ақ, "Әлия - бизнестану" облыстық байқауы жеңімпазы "AND Development" ЖШС директоры Бақыт Исхакова және "Аруана" бизнес құрмет" республикалық сыйлықтың иегері "Бірлік - Миялы" жетекшісі Айжан Изимова марапатталды. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу