Гроссмейстер, шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы Динара Садуақасова Атырауда шахмат клубын ашады, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы мақсатта шахматшы 6 жастан 14 жас аралығындағы балалармен шеберлік сыныбын өткізіп, шахматта жеңіске жетудің жолдарын түсіндіріп, жетістіктерімен бөлісті.
Ойын барысында Динара Садуақасова жас спортшылардың ата-аналарымен әңгімелесті. Олардың сұранысы бойынша, Атырау қаласында жақын арада қазақстандық спортшының шахмат академиясының филиалы ашылады.
Бүгінгі таңда осы тұрғыда Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп жұмыстар атқарылып, құжаттары жасақталып жатыр.
"ТМД елдерінен екі шахмат жаттықтырушысына ұсыныс білдірдік. Егерде ұсынысымызды қабыл алса, білікті шахмат жаттықтырушы осы жерде жас шахматшыларды дайындайтын болады. Бұл бастамамен Атырау облысындағы шахматтың дамуына өзіндік үлес қосқым келеді", - дейді әйгілі шахматшы.
Сонымен қатар, Динара Садуақасова өзінің алдағы жоспарларымен де бөлісті. Шахматшы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтетін Әлем чемпианатына белсенді дайындалуда. Оған қатысқаннан кейін, әлемдегі мықты шахматшылардың үздік бестігіне кіруге ниетті. Бүгінгі таңда қазақстандық спортшы рейтингте 17-ші орында.
"Әр сенбі мен жексенбі күндері тұрақты түрде қаламызда шахмат турнирлері өтіп тұрады. 2018 жылдың ақпан айында Қазақстан Чемпионаты өтті. Осы сайыста Атырау шахматшылары жақсы деңгейде өнер көрсетті", - дейді облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин.