Атырауда эхинококкоз ауруының 9 жағдайы тіркелді

299

Бауыр эхинококкозында науқастардың жұмысқа қабiлетi төмендейді.

Атырауда эхинококкоз ауруының 9 жағдайы тіркелді Фото: pexels.com

Атырау облысында соңғы екі жылда эхинококкоз ауруының өсуі байқалады. Осы жылдың 9 айында 9 жағдай тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 3 жағдайы тіркеліп отыр, деп жазды АқЖайық басылымы. 

Өткен жылдың осы мерзімінде 6 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 1 жағдайы тіркелген. Бұл туралы Атырау облысы СЭБ департаменті инфекциялық және паразитариялық ауруларды эпидемиологиялық  қадағалау  бөлімінің бас маманы Жайнагүл Өтепқалиева мәлім етті.

"Аурудың негiзгi көзi - иттер, сирек жағдайда төбет тұқымдастар болып табылады (қасқырлар, шибөрiлер, сiлеусiндер, мысықтар). Олар эхинококкозбен зақымданған үй және жабайы жануарларды жеу кезінде ауруды жұқтырады. Эхинококкоздың клиникасы эхинококкты сары сулы iсiктiң орналасқан жерiне (бауыр, өкпе, көкбауыр және т.б) және аурудың ағымына байланысты. Бауыр эхинококкозында науқастардың жұмысқа қабiлетi төмендейдi, жалпы әлсiздiк, бас ауыруы, бауырдың  үлкеюi, оң жақ қабырғаның асты сыздап ауырып және онда ауырлық байқалады. Өкпе эхинококкозында тоқтаусыз жөтел, қан түкiру, кеуденiң ауырғаны байқалады, өкпеде сырыл пайда болады",- деді Ж.Өтепқалиева.

Сондай-ақ оның айтуынша, мидың, бүйректiң, көкбауырдың, кiшi жамбастағы және басқа да ағзалардағы эхинококкоздың клиникасы осы ағзалардың көлемді зақымдануы кезiнде байқалатын  ауру белгiлерiне ұқсас келедi. Көп жағдайларды эхинококкок ісіктері профилактикалық медициналық тексерістер кезінде немесе басқа шағымдармен қаралған кездерде анықталып жатады. Ауру жұққан кезден бастап оның  алғашқы белгiлерi  бiлiнгенге дейiн кем дегенде жарты жыл, ал кейде 3 жылдан 10 жылға дейiн уақыт өтуi мүмкiн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу