Екі адамның мәйіті табылса, тағы бір тұрғынды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, алғашқы қайғылы оқиға 26 шілде күні сағат 14:34 шамасында Атырау қаласындағы Мұнайшы ықшамауданы маңындағы автокөлік көпірінің жанында болған.
"Оқиға орнына "Марлин" қайығымен екі құтқарушы мен мобильді топ жедел аттанды. Сүңгуірлер суға батқан адамды жағаға шығарып, жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Өкінішке қарай, азаматтың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сол күні сағат 16:34-те Жаңаталап ауылы маңындағы Жайық өзенінде тағы бір ересек адамның суға кеткені туралы хабар түскен.
"Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 9 құтқарушысы, 5 қайық және мобильді топ жұмылдырылды. Сонымен қатар марқұмның туыстары мен жергілікті тұрғындар да іздеуге қатысып жатыр. Қазіргі уақытта іздеу жалғасуда", – деп мәлім етті ведомство.
Ал 27 шілде күні сағат 00:50-де Атырау қаласынан шамамен 20 шақырым жердегі Зарослый ауылы маңындағы каналда мал бағып жүрген шаруа қожалығының бақташысы суға кеткен.
"Оқиға орнына 3 құтқарушы, арнайы техника мен қайық жіберілді. Құтқарушылар бақташының денесін судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды", – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомство тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, рұқсат етілмеген орындарда шомылмауға және өзен-көл жағасында аса сақ болуға шақырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сәйкес, биыл 1 маусымнан бері еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға кеткен. Ал құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде 90 адамның, соның ішінде 23 баланың өмірі сақталып қалды.