Аудандық әкімдік тарапынан түскен ақпарат бойынша жедел үш бригада құрылып, балықтарды құтқарып, тазарту жұмыстарын жүргізді басталып кеткен. Жалпы саны 197 келі өлі табан мен алабұға жиналып, арнайы орындарға көмілді.
"Нарын каналының Жанбай ауылдық округінен Ақбас учаскесіне дейінгі бөлігінде су деңгейі тым төмендеп кеткен. Қажетті оттегінің жетіспеуінен осындай жағдай орын алып отыр. Оның үстіне, күннің де күйіп тұрған тұсы. Екіншіден, Нарын каналы көптен бері жөндеу көрмегендіктен, арналары ескіріп, су өткізу мүмкіндігі төмендеген. Сондай-ақ, Атырау-Астрахань тасжолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекемелер де айналма жолдарға шашатын суды осы каналдан алады. Ертең "ҚазСушар" мекемесі осында өз бригадаларын жібереді", – дейді Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Айта кетейік, жақында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов аталған ауданға жұмыс барысында "ҚазСушар" кәсіпорнына қарайтын Нарын каналының жай-күйімен танысып, күрделі жөндеуден өткізу мәселесін бақылауда ұстайтынын айтқан еді.
Құралай Қуатова