Атырауда екпе алғандарға сыйлық беріледі

1636

"Дина" сауда орталығы жаңа бастама көтерді.

Атырауда екпе алғандарға сыйлық беріледі

Атырауда "Covid-19" екпесін алған тұрғындарға сыйлық берілмек. Бұл бастаманы өңірдегі ірі "Дина" сауда орталығы көтеріп отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Бұдан бөлек, алдағы күзде кәсіпкерлік нысаны екпе алғандар арасында техникалық бұйымдарға ұтыс ойындарын ойнатпақ. Болашақта оларды басқа сауда орындары да қолдап, бастаманы іліп әкетеді деп күтіліп отыр.

"Пандемия әлі аяқталған жоқ, вирус әлі бар және қауіпті. Бірақ, тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Сол себепті көпшілікті екпе алуға шақырып, ынталандырып отырмыз", - деп түсіндіреді базар әкімшісі Баян Райымқұлқызы. 

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 ақпан мен 16 маусым аралығындағы кезеңде облыс бойынша 68 411 адам "Спутник V", "QAZVAC" және "Hayat-Vax" вакциналарының I компонентімен егілген. Вакциналардың II компонентімен 25 241 жергілікті тұрғын егіліпті. 

Белгілі болғандай, ҚР денсаулық сақтау министрлігі екпе алуға жататын 8 басым топты анықтаған. Олардың қатарына халықтың көп бөлігімен жұмыс жасайтын мамандықтар кіреді. 

"Облыста бүгінде полицейлер 100 пайыз егіліп отыр. Медициналық қызметкерлердің 80 пайыздан астамы екпе алған. Ал білім саласы бойынша бұл көрсеткіш төмен, педагогтардың тек 32 пайызы ғана егілген", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Елімізде екпе алу ерікті түрде жүргізіледі. Соған қарамастан, өңірдің бас дәрігері бойында созылмалы немесе қандай да бір дерті бар науқастар қайткенде де екпе алуы керек деген пікірде. Себебі, вакцина олардың ағзасының короновирус жұқтырған жағдайда оған төтеп беріп, жеңіп шығуына көмектеседі. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу