Атырау облысында мамыр айынан бастап электр энергиясы қымбаттады. Соған қарамастан газ тасымалдаушы компанияның әлеуметтік бағдарлама аясында ұсынатын жеңілдікке сәйкес, өңірдегі тоқ бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда төмен екені айтылуда, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Сонымен, жеке тұлғаларға арналған электр энергиясы 15 пайызға өсіп, кВт/сағатына 5,44 теңге, басқа тұлғаларға 26,9 пайызға өсіп, кВт/сағатына 26,21 теңге; бюджеттік ұйымдарға 39 пайызға өсіп, кВт/сағатына 31,47 теңге; "Атырау облысы Су Арнасы" КМК ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдіру мен өңдеуге 26,7 пайызға өсіріп, кВт/сағатына 21,03 теңге құраған.
Антимонополияға қарсы комитет мұның негізгі себебі ретінде "Атырау жылу электр орталығы" АҚ, "МАЭК-Казатомпром" ЖШС мекемелерінің электр энергиясының шектік тарифтерін көтергендігімен түсіндіреді. Сол сияқты, "АтырауЭнергоСату" ЖШС директоры Тұрлан Дощатовтың айтуынша, 2020 жылды бұл мекеме 2 млрд 107 млн теңге қарызбен жапқан, ал биылғы үш айдағы қарызы 572 млн теңге құрайды.
Сонымен бірге, облыс әкімдігінде өткен жиналыста өңірдегі электр жүйесін жақсарту үшін бірқатар жобалардың қолға алынғаны жатқаны мәлім болды.
"KEGOC" АҚ филиалы өңірімізде энергия жүйесін жақсарту үшін бірқатар жобаны іске асыруда. Айталық, Қазақстанның Батыс энергия жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жұмыстары. Жобаның аяқталу уақыты - 2023 жыл. Оған қоса Атырау, Құлсары, Теңіз, Бейнеу қосалқы станцияларында 110 кВ және 220 кВ ашық тарату қондырғысы, оң жағалау бойынша электр қондырғыларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек", – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Назаров.
Сонымен қатар, басқарма басшысы бүгінгі күні жылу беру маусымына дайындық ретінде 15,6 шақырым жылу, 696,7 шақырым электр, 1,4 шақырым су және кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары басталғанын жеткізді.
Құралай Қуатова