Атырауда газ мекемесі тұрғындарға 65 миллион теңгені кері қайтаруда

817

Былтырғы көктемнен бері созылып келе жатқан сот ісіне ақыры нүкте қойылды.  

Атырауда газ мекемесі тұрғындарға 65 миллион теңгені кері қайтаруда

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Атырау өндірістік филиалын тексеру барысында монополистің тұтынушылардан жылыту маусымы басталғанда газды қосқаны үшін қосымша төлемақы алатынын анықтаған болатын. Департамент бұл әрекетті "Табиғи монополиялар туралы" заң талаптарының бұзылуы деп тапқанмен,  "ҚазТрансГазАймақ" оған келіспей, сотқа жүгінген еді. Қос тараптың дауы Жоғарғы сотқа дейін жетіп, 2019 жылдың желтоқсан айында "ҚазТрансГазАймақ" біржола жеңіліс тапты.

"Филиал "Табиғи монополиялар туралы" Заңның 24-бабының талаптарын бұзған. Тұтынушылардан газға қосу қызметі үшін заңсыз төлемдерді талап етіп, 2018-2019 жылдары 65 млн теңге табыс тапқан. Осы заң бұзушылықтар үшін филиал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 164-бабы 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 4 млн теңге айыппұл өндірілді. Прокуратураның араласуымен облыс тұрғандарына газға қосу қызметтері тегін жүргізілетін болды. Заңсыз тәжірибе тоқтатылды", – деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.

Қазір мемлекет пайдасына шығарылған сомадан бөлек, кәсіпкерлерден артық алынған 21 млн теңге қайтарылып отыр, енді жеке тұлғаларға тиесілі 44 млн теңге төленбек.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу