Атырауда істі болған 31 дәрігерге кәсіподақ адвокат жалдап берген

1001

Жауапқа тартылған 31 дәрігердің 11-і жұмыстан кеткен.

Атырауда істі болған 31 дәрігерге кәсіподақ адвокат жалдап берген

Кәсіподақ ұйымдары өз мүшелерін қорғау үшін адвокат жалдап беруге де дайын. Орталық коммуникациялар қызметінде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов осындай пікір білдірді.

Мұғалімдерге мектеп дәретханасын күзеттіру мәселесіне қатысты БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Ералы Тоғжанов қиындыққа тап болған одақ мүшелерін қорғау жедел ұйымдастырылып жатқанын атады.

"Дәретхана күзетіне тартылған мұғалімнің мәселесін біз дереу көтергенбіз. Ол біздің қадағалауымызда. Бұл біріншіден. Екіншіден, өткенде дәл сондай қиын жағдай Атырау облысында дәрігерлерге байланысты болды. Ол жерде кәсіподақтың мәлімдемесін бәріңіз естіген шығарсыздар. Бір де бір мемлекеттік орган басшысының орын алған жағдайға байланысты нақты адамды кінәлі деп мәлімдеуге қақысы жоқ. Адамның кінәлі екенін сот қана шешуі мүмкін. Сондықтан біз 31 маманға адвокат жалдадық. Оған ақшасын бөлгіздік. Олардың адвокат жалдауға ақшасы жоқ қой. Денсаулық саласына байланысты біздің "Сенім" дейтін арнайы ұйымымыз бар. Соған тапсырма берілді. Мен арнайы мәлімдеме жасадым. Мұндай сұрақтың бәрі біздің тікелей қадағалауымызда", – деген Ералы Тоғжанов адвокаттардың қызметі кәсіподақтар федерациясы үшін қаншаға шыққанын да атады.

"Бұл жерде 31 дәрігерді қорғайтын адвокаттарға шамамен 2 млн теңгедей ақша бөлінді. Оның ішінде соңғы ақпарат бойынша 11 адам жұмыстан кеттік деп отыр. Қалғандарының бәрін біздің адвокаттар қорғауы керек", – деді федерация басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу