Атырауда иттер баланы талап тастаған

1066

Қаладағы қаңғыбас ит-мысықтар сабаққа қатынайтын балаларға қауіп төндіре бастады. 

Атырауда иттер баланы талап тастаған

Атырау қаласына жататын Дамбы ауылдық округі Атырау селосында он үш жасар қыз баланы төрт ит жабылып талап тастаған. Баланың жағдайы әзірге ауыр күйде қалып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"2008 жылғы пациент облыстық балалар ауруханасына 13 желтоқсан күнгі кешкі 19:50 сағатта ауыр халде келіп түсті. Баланың оң жақ иығын, бетін, самайы мен сол жақ маңдайын қатты тістеп алған. Сондай-ақ иықтары, қолы, жамбасы мен екі аяғының да балтырында тістеген іздер бар", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Реанимацияда жатқан науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. 

Айта кетейік, Атырау қаласында және аудан орталықтарында қаңғыбас жануарлардың көбейіп кетуі соңғы екі жылда қызу талқыланған мәселелердің қатарында. Қала бюджетінен олардың көзін жою үшін қаражат бөлініп, жұмыстар жасалғанымен, оны антигуманистік әрекет санап, қарсылық білдіретіндердің қатары да көп.

Айналып келгенде, қаңғыбас ит-мысықтарды жинайтын орын алу, стерилдеу, қамқор жандарға беру сияқты шаралар жүзеге асқанша иелері тастап кеткен, бос қоя берген жануарлар саны көбейіп, тұрғындарға қауіп төндіре бастады. Әсіресе қыстыгүні қаракөлеңке кезде мектепке қатынайтын оқушы балаларға қиын тиіп тұр. Себебі ересектерді көргенде ығысатын иттер балалардан онша қорқа қоймайды.

Биыл балалар ауруханасына үй жануарларынан жапа шеккен 380 бала жеткізілген. Олардың 152-сін қаңғыбас ит тістеп алған. Тағы 183 жағдайда үйдегі ит, 15 жағдайда қаңғыбас мысық, 23 жағдайда үйдегі мысық тістеп алған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу