Атырауда қаланы көгалдандыруға арналған ұзақ мерзімдік жоба дайындалды

926

Бұл жұмыс мұнай компанияларының мойнына артылмақ. 

 Атырауда қаланы көгалдандыруға арналған ұзақ мерзімдік жоба дайындалды

Атырауда ауаның негізгі ластаушысы саналатын мұнай-газ компанияларына қала мен оның айналасына тал егу міндеттелмек. Бұл шара бойынша он жыл мерзімге көзделген көлемді жоба дайындалып, "Теңізшевройл", НКОК, "Ембімұнайгаз", Атырау мұнай өңдеу зауыты және басқа да мекемелерге көгалдандыру және алғашқы үш-төрт жылда күтім жасау үшін учаскелер бекітіліп беріледі.

Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов пен аймақтағы ірі кәсіпорын басшылары қатысқан жиында айтылды. 

Айта кетейік, "қоршаған ортаны ластаушы" деп ат қойылып, айдар тағылған кәсіпорындар жобаға қатысудан қашпақ емес. Олардың барлығы дерлік алдағы аптада жасалуға тиіс меморандумға қол қоятындарын мәлімдеді. Жұмыс қазан-қараша айларында басталады деп жоспарланып отыр, сөйтіп, сәтін салса, келесі жылдан бастап қала айналасына "жасыл белдеу" салына бастайды. 

Бұдан бөлек, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Атырау қаласын көгалдандыру жобасы бес жылға жариялаған тендерді "Каспийдормостострой" ЖШС ұтып алды. Оның жалпы құны  – 4 млрд 690 млн теңге.

Ал қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің көгал отырғызу бойынша жариялаған ашық тендерінің жеңімпазы – "Нұрлы таң Ақтөбе" ЖШС. Ол 235 млн,теңгеге 30 мың шаршы метр жерге көгал төсеуге тиіс.

Атырау қаласын жасылдандыруға бұған дейінгі жылдары да аз қаражат бөлінген жоқ. Егілген гүлдер де, талдар да аз емес. Соған қарамастан, шаһар гүлзар баққа айналып кеткен жоқ. Мамандар өңірде отырғызылған көшеттердің көбінесе шықпай қалуын топырақ құрамының тұзды, сазды болып келуімен түсіндіреді. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу