Атырауда 56 жастағы ер адамды өлтірді деген күдікпен ұсталған Мұхтар Ахмедов төрт жыл бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Атырау қаласының 2020 жылғы 18 маусымдағы №2 сотының үкімімен Мұхтар Ахмедов Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотталды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды", – делінген Атырау облыстық сотының хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, Атыраудағы пробация қызметі рақымшылыққа байланысты негізгі жаза мерзімін қысқарту туралы ұсыныспен сотқа жүгінген.
Атырау сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы №2 қаулысымен Атырау қаласы пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылды. Сотталған Ахмедовтың өтелмеген мерзімі 7 ай 18 күнге қысқартылған.
"Бұдан әрі сотталған адам сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішпен жүгінді. Атырау қаласы сотының 2022 жылғы 26 шілдедегі №2 қаулысымен сотталған адамның өтінішхаты қанағаттандырылды, сотталған адам шартты түрде мерзімінен бұрын бас бостандығын шектеудің қалған мерзімін 7 ай 27 күнді өтеуден босатылды”, – деп толықтырды облыстық сотта.
Ал араға екі жыл салып, бейнебақылау камераларына түсіп қалған аяусыз соққы қазақстандықтарды есеңгіретіп жіберді. Ер адам көлігін зақымдаған қарияны салқынқандылықпен соққыға жыққан. Бұл кезде төбелестің көптеген адам бақылаған, алайда олардың ешқайсысы соққыны тоқтатуға араласпаған. Жәбірленуші 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан кейін ауруханада көз жұмды. Күдікті қамауға алынды.