Кәсіпкерлер мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әрекетінен зардап шегіп отырмыз деп шағымданды.
"Сіздер мені есту үшін мен өзімді өртеп жіберуім керек пе?!" деп эмоциясына ерік берген кәсіпкерлердің бірі – "Eurostream" ЖШС қаржы директоры Науырызбай Қабидың жағдайы күрделі екен. Оның компаниясы құрылыс материалдарын жеткізумен және су фильтрлерін қондырумен айналысады.
Оның үстінен экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған шот-фактура жазып берді деген дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Оның айтуынша, екі ай бұрын департамент қызметкерлері шақыру қағазынсыз оның туысын алып кеткен. Туысы сол ЖШС басшысы. Оны компания 800 млн теңге ұрлады деп қорқытқан. Бірақ Қаби мұндай көлемдегі ақша олардың шотына түспеген.
– Мен қазір экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері тарапынан қылмыстық қудалаудамын. Менің туысымның ЖШС-тың қыржылық мәселесімен айналыспайтынын білген соң, менің үстімнен жалған шот-фактура жазды деп қылмыстық іс қозғады. Олар ешқандай тексеру жүргізбеді. Бізде тауарларды сатып алған және жеткізгенін растайтын құжаттар бар. Біздің барлық тапсырысшыларымыз тауарды алғандарын растап отыр. Біз оны шетелден әкелдік. Тауарлар кедендік бақылаудан өтеді. Сонымен қатар бізде мемлекеттік кірістер департаментінен хат бар. Ол жерде электронды шот-фактурада құжаттардың жалғандығы жоқ деп жазылған. Сонымен бірге біз прокуратураға да арыз жаздық. Мен енді өзімнің кінәсіз екенімді қалай дәлелдей аламын? Мені естуіңіз үшін өзімді өртеп жіберуім керек пе?!, – деді Қаби жанайқайын жеткізе отырып.
Ал жиһаз өндірумен айналысатын "Бека" ЖК өкілі Айсәуле ОРАЗОВА бір жылдан бері жиһаз цехының ғимаратына құжаттарды рәсімдей алмай отыр. Сәулет бөлімі бизнес субъектісіне қала әкімінің оң шешімі барына қарамастан сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын бермей отыр.
– Біз "СТ-КЗ" формалы тауардың қайда өндірілгені туралы сертификат алғымыз келген. Сол үшін тұрғын үйді цехке айналдырып, оның нысаналы мақсатын өзгерту үшін құжаттарды рәсімдеуді бастадық. 1 млн теңге баж салығын төледік, қала әкімінің шешімі шықты. Алайда қазір сәулет бөлімі бізге сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын бермей отыр. Ғимарат құрылыс нормалары мен ережелеріне (СНиП) сәйкес келмейді дейді. Онда қала әкімінің шешімі қалай шықты? Неге маған мұны әбден баж салығын төлеген соң айтып отыр? Бұл мәселені шеше алмай келе жатқанымызға бір жыл болды, – дейді Айсәуле Оразова.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер департаментінің қол қоймай берген хабарламасының және аккредитациялау ұлттық орталығының аккредитация аттестатын қайтарып алу әрекетінің заңдылығын тексеруді сұрады. Қоғамдық көліктерге жанар-жағармай бағасын арзандатуға ықпал етуді де өтінді.
Облыс прокуроры түскен өтініштер бойынша жауап беруге уәде етті.
Бизнес өкілдерінің мәселесі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге қаралады.
Айнұр Сапарова