"Атырауда Кавасаки ауруы тіркелген жоқ"

777

Дәрігерлер таралған ақпаратты жоққа шығарды.

"Атырауда Кавасаки ауруы тіркелген жоқ"

Атыраулық дәрігерлер республикалық БАҚ-тардан хабарланған "облыстан бір жасөспірімнен Кавасаки ауруы анықталғаны" жөніндегі ақпаратты жоққа шығарып отыр. Белгілі болғандай, он бес жасар бала Атырау облыстық балалар ауруханасына 13 тамыз күні түскен. Одан коронавирус инфекциясы анықталғанмен, Кавасаки ауруына шалдықпаған. 

"Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сəйкес, мұндай диагнозбен ауыр жағдайдағы науқастар республикалық медицина орталығында емделуі керек. Сондықтан жасөспірім Алматы қаласындағы педиатриялық және балалар хирургиясы ғылыми орталығының инфекциялық бөлімшесіне санитариялық авиациямен жеткізілді", – дейді облыстық балалар ауруханасы бас дəрігерінің орынбасары Орындық Сиплова. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсарып, денсаулығы оңалып келеді екен. 

Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімінің меңгерушісі, пандемия басталғалы халыққа онлайн түрде ақыл-кеңес беріп отырған Марат Шуақбаевтың түсіндіруінше, балаларда кездесетін Кавасаки дерті – тамырдың ішкі қабатының қабынуы. 

"Жапон ғалымы зерттегенде оның бес жасқа дейінгі балаларда кездесетінін айтқан, алайда, кейін оның классикалық түріне өзгерістер ене бастады. Қазір ол он бес жасқа дейінгі балаларда да кездеседі, дегенмен сирек. Мәселен, ол мың баланың ішінде бір балада немесе он мың баланың ішінде бір балада ғана тіркелуі мүмкін. Кавасаки синдромының алғашқы белгісі – бірінші күні дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, екінші күні баланың беті мен қолтығы жағына бөртпе пайда бөлады шығады",– дейді дәрігер.

Оның айтуынша, көп ата-ана баланың денесі бөрткен кезде оны аллергия ретінде қабылдап, жедел жәрдем шақыртуды кешіктіруі мүмкін. Алайда, аллергия болған кезде адамның дене қызуы көтерілмейді, егер осы екі симптом қатар келсе дереу дабыл қағу керек.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу