Атырауда карантин шараларына байланысты өзгерістерге сәйкес, "Kinoplexx Атырау" кинотеатры 26 қазаннан бастап жұмыс істеуде. Қазіргі күні ондағы әрқайсысы 129 орындық екі залды тек 30 пайызға ғана толтыруға рұқсат.
"Келушілер көп. Бірақ орын саны 43-ке жеткенде билет сатуды дереу тоқтатамыз. Кино көргенде адамдар бетперде киіп отырады, сол себепті поп-корнмен кіру тоқтатылған", – деп түсіндіреді кинотеатр әкімшісі Асқар Сабенов.
Сондай-ақ көрсетілетін сеанстар саны да азайтылып тұр екен. Мұның себебі кинолардың арасындағы ұзақ үзіліспен түсіндіріледі. Бұрын бір клиенттерді шығарып, келесілерін кіргізгенше 15 минут жеткілікті болса, қазір залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетіндіктен үзіліс 40 минутқа белгіленген. Бұдан бөлек, кино көруші адам аяқ астынан келген тексерулерге дайын болуы керек.
Әкімшінің айтуынша, мониторинг топтар фильм жүріп жатқанда кез-келген уақытта кіріп, карантиннің қаншалықты сақталып отырғанын қарап кетуге құқылы.
Кинотеатр ұжымы жарты жылдан астам уақыт жұмыссыз отырған, көрсетілетін фильм мен келушілер саны азайғанымен, олардың ешқайсысы қысқартылмапты. Тұрғындар да кинотеатрдың ашылуын асыға күткен сыңайлы, өйткені олардың таласа-тармаса билет алуына оның құны 3000 теңгеге дейін өскені кедергі болмаған сыңайлы.
Қазіргі күні "Миллион тұратын махаббат", "Туннель: өмір үшін қауіпті", "Тауықтар жарысы" фильмдерінің бағасы 2200-2900 теңге аралығында белгіленген. Бұрынғыша студенттік және балалар билеттеріне жеңілдіктер сақталғанмен, олардың да бағасын көтергені байқалады. Мәселен, студенттік билеттер – 1700-1900, балалар билеті 1400-1600 теңгеге дейін өсіпті. Бұрын ол 1000 теңгенің айналасы немесе билет құнының жартысы болатын.
"Біз баға саясатымен айналыспаймыз, ол Алматыдан қойылып келеді", – деп түсіндірді А.Сабенов.
Бұдан бөлек, картиналарда қазақ және орыс тілдерінің қатар қамтылуы назарда ұсталады, фильм осы тілдердің біреуінде көрсетілсе, екіншісі субтитр арқылы беріліп отырады.
Құралай Қуатова