Атырау қаласында 222 балалар ойын алаңы бар. Оның бірнешеуі жарамсыз күйде, қирап жатыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Алайда, биыл балалар ойнайтын алаңдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Олар тек өз еркімен жөндеуге ниет білдірген демеушілер көмегі арқылы дұрысталып, қалпына келмек.
"Қала тұрғындарының үй маңындағы аумақтарды абаттандыру мәселесі бойынша көптеген өтініштерін назарға ала отырып, қала әкімдігі 2019-2020 жылдар кезеңінде үй жанындағы алаңдарды абаттандыру бағдарламасын әзірледі, тиісті жобалау-сметалық құжаттама жасалды. Алайда, 2020 жылы ДДҰ жариялаған пандемияға және бүкіл ел бойынша қалыптасып отырған санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты бюджет мүмкіндіктерінің шектеулілігін ескере отырып, осы бағдарламаны толық көлемде іске асыру мүмкін болмады. Бұл қиындықтарға қарамастан, аула алаңдарын абаттандыру бағдарламасын іске асыру бойынша жеке компаниялардың демеушілік көмегі арқылы жүргізіп жатырмыз", - деп түсіндірді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Алтынай Аралбаева.
Осылайша, 2020 жылы қала аумағында жеке қаражат есебінен 17 ойын алаңы (футбол алаңы, воркаут және балалар алаңы) орнатылып, биыл екі спорт алаңы абаттандырылған.
Сондай-ақ, Атырау қаласында "Халық қатысатын бюджет" пилоттық жобасы аясында биыл қала тұрғындарынан 2022 жылы жүзеге асыру қарастырылған 9 жобалық ұсыныс келіп түссе, оның алтауы балалардың ойын алаңдарына байланысты.
Сондай-ақ, мұнайлы өңірде компаниялардың немесе жеке тұлғалардың қаражатына салынған ойын және спорт алаңдарының ішінде де бүлініп, әткеншек, турниктері істен шығып тұрғандары бар. Білгеніміз, мұндай жағдайда оларды жөндеу тапсырған мекеме мен демеушілердің құзырына кірмейді екен.
Құралай Қуатова