Атырауда көпірден секіріп кеткен жүкті әйел құтқарылды

2322

Бүгін Атырауда жүкті әйел адам көпірден секірген. Полицейлер мұз басқан өзеннің суық суына қарамастан жүзіп барып, оны аман алып қалды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Атырауда көпірден секіріп кеткен жүкті әйел құтқарылды

Оқиға бүгін таңғы сағат 9:20 шамасында болған. Жедел басқару орталығының инспекторы бейнебақылау камералары арқылы Атыраудағы Жаяу жүргіншілер көпірінде күдік тудырған бір әйел адамды анықтап, жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлама береді.

Алайда ол суицид жайлы ойынан қайтарғысы келген полиция қызметкерімен әңгімелеспей, суға секіріп кеткен.

Оқиға орнына дер кезінде қайықпен жеткен Полиция департаментінің балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері көпірден секірген қызды аман алып қалады. Оған тез арада жасанды тыныс алу және жүрек массажы жасалып, жедел жәрдем келгенге дейін құтқарылады. Құтқару операциясына полицейлермен бірге, облыстық төтенше жағдай департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы қатысқан.

Белгілі болғандай, көпірден секірген азаматша 1993 жылғы Орал қаласының тумасы.

"Ол Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөліміне түсті. Науқастың жағдайы "орташа". Төрт қабырғасы сынған. Емдеудің барлық кезеңі дәрігерлер мен психологтың бақылауында болады. Жүктілік мерзімі – 4 апта", – деп хабарлайды Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, 1 желтоқсан күні де полицейлер "Балықшы-Жұмыскер" бағытындағы көпірден секіруге оқталған ер адамды теріс әрекет жасамауға үгіттеп, аман алып қалған еді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу