Атырауда 15 қабатты тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін сағат 11:40 шамасында Әйтеке би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің дәлізінде орналасқан қосалқы бөлмеден өрт шыққан.
Оқиға орнына қалалық полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторлары Самалбек Бегалиев пен Асыланбек Жолай шұғыл жеткен. Олар өрттің 3-қабаттан шыққанын байқаған. Тәртіп сақшылары ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп, өртті бірге сөндірген.
Тұрғын үйден 2 зейнеткер, 10 жасөспірім (оның ішінде 4 нәресте бар) мен 13 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды.
"Сын сағатта тез әрекет етуге тура келді. Оқиға орнына келгенде өрттің 3-қабаттан шыққанын байқадық. Осылайша, төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге өртеніп жатқан тұрғын үйден 25 тұрғынды сыртқа шығардық. Шұғыл шешім қабылдаудың нәтижесінде ешкім жарақат алмады", – деді полицейлер.