Атырауда тағы да карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлік нысандары анықталды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтқанда, 20 ақпан күні алпыс шақты адамға отбасылық той жасап жатқан "Jida", 21 ақпан күні түнгі сағат 00.30-да жұмыс жасап жатқан "Barrel" караоке клубы, сол күні түнгі сағат 02.30-да ашық тұрған "Vivaldi" пабы әшкереленді. Соңғысында рейд кезінде 80-ге жуық адам жүрген және аталған паб бұған дейін бірнеше рет көзге түсіп, "танымал" болғандардың қатарында. Бұл деректерге қатысты іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолданбақ. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың 10 ақпандағы №3 қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану объектiлерiне сағат 07.00-ден 24.00-ге дейiн жұмыс жұмыс жасауға рұқсат беріліп, көпшілік іс шараларды тиым салынған болатын.
Бұдан бөлек, Атырауда көршісінің мазасын алған 9 адам жауапкершілікке тартылды. Белгілі болғандай, олар түн жарымында бір үйде жиналып алып, алкогольді ішімдік ішіп, улап-шулап, көрші-көлемге ұйқы бермеген. Тынышы кеткен тұрғындар учаскелік полицейге хабарлауға мәжбүр болады.
"Бұл оқиғаға байланысты 9 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылып, пәтер иесімен профилактикалық сұхбат жүргізілді", – деп хабарлайды ПД баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген екі адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Құралай Қуатова