"Болашақ" мұнай мен газды дайындау қондырғысы Атырау облысының Мақат ауданы аумағында орналасқан. Қарабатан елді мекені тұсындағы қондырғы мен Атырау қаласының аралығы — шамамен 35 шақырым.
Әлеуметтік желі мен телеграм арналарында "Болашақ" қондырғысының аумағында күкірттің жинаулы тұрғаны жөнінде фото жүктелді.
Мәселенің мән-жайын білу үшін Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік.
"Экологиялық инспекция 2022 жылы North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) компаниясының жерүсті кешенін тексеру нәтижелері бойынша бірнеше бұзушылықты анықтады. Біріншіден, рұқсат етілген 730 тонна күкірттің орнына 1,7 млн тонна күкірт орнластырылған. Нормадан артығы — 1,02 млн тонна күкірт. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғау шаралары орындалмаған. Үшіншіден, экологиялық рұқсатсыз сарқынды суларды ағызған. Төртіншіден, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптар сақталмаған", — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
NCOC компаниясы тексеру нәтижелерімен келіспей, Астана қалалық сотына шағым түсірген. Сот компанияның талап арызын ішінара қанағаттандырып, ұйғарымдағы 10 тармақтың 3-еуі заңсыз деп танылған.
"Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 27 ақпанда экология департаментінің шағымы толығымен қанағаттандырды. Табиғат қорғау инспекторлары ұйғарымының барлық тармағы заңды деп танылды. NCOC аталған сот қаулысына қатысты кассациялық шағым түсірді. Қазір бұл шағым Жоғарғы сотта қаралып жатыр", — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.