Атырауда құрылыс компаниясы 25 азаматқа жалған келісімдер жасау арқылы 313 миллион теңгеге пәтерлер сатқан. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақпаратқа сәйкес, "Андора Констракшн" ЖШС-нің директоры 2020-2023 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға келісім алмай, 25 азаматқа жалған алдын-ала келісімдер жасау арқылы 313 миллион теңгеге пәтерлер сатқан.
"23 қазанда Атырау қаласы №2 сотының үкімімен серіктестік директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ, "Nazik Group" ЖШС-нің директоры мен "Атамекен Тұрғын Үй", "Family Town" және "Baisanat Residence" тұрғын үй кооперативінің құрылтайшысы да осыған ұқсас фактілер бойынша сотталды. Сонымен қатар прокурорлық қадағалау негізінде биыл 2 құрылыс салушы компаниялары да әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төледі", – делінген облыстық прокуратура таратқан мәліметте.