Атырауда қуыршақ театры ашылуы мүмкін

2465

Бұл – балалар мен олардың ата-аналары үшін қуанышты жаңалық.  

Атырауда қуыршақ театры ашылуы мүмкін

Атырауда қуыршақ театрын ашу үшін алғашқы қадам жасалды. Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 27 наурыз – халықаралық театр күні мерекесі қарсаңында балаларға Бекет Зинуллиннің "Ата мектебі" ертегісі көрсетілмек, деп жазды inbusiness тілшісі.

          Бұл жөнінде өнер ордасы БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифинг кезінде хабарланды. Қазақстанның көптеген қалаларында жұмыс істейтін балаларға арналған қуыршақ театрының мұнайлы астанада болмауы өнер адамдарын да көптен ойландырып келген. Махамбет атындағы облыстық театрдың директоры Берік Жәменовтің айтуынша, әзірге олар өз әртістері мен реквизиттерін пайдалана отырып, балалар спектаклін қоймақ. Содан кейін қуыршақ театрын ашу жөніндегі нақты ұсыныспен тиісті мекемелерге шыға алады. Пьеса авторы – бұған дейін Атырау жұртшылығына театр және кино актері ретінде таныған Б.Зинуллин.

          Бұдан бөлек, драма театры көрерменге Әлия Дәулетбаеваның "Толқындар жағада өледі", Бернард Шоудың "Клеопатра", Н.Гогольдің "Үйлену", Иран–Ғайыптың "Жан", Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" қойылымдарын ұсынып отыр. Бұлардың ішінде "Толқындар жағада өледі" спектаклі премьера ретінде көрсетілуде, белгілі болғандай, оның осындай атпен танымал болған қырғыз фильміне еш қатысы жоқ, дегенмен, таныс атау көрерменді тарту мақсатында қолданылған. Ал "Айман-Шолпан" спектаклінің бұған дейін тиым салынып, көрсетілмей келген нұсқасы ұсынылмақ.

Атырау облыстық театрының карантин кезінде сәтті жүзеге асырып отырған жобасының бірі - қойылымдарын youtube видеохостингі арқылы көрсетіп отырғаны. Оларды көруді қалаған адам телеспектаклдерді "Махамбет театры" youtube арнасы арқылы тамашалай алады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу