Атырауда қызметтік ит хабарсыз кеткен 77 жастағы қарияны тапты

127

Атырауда полиция қызметкерлері қызметтік иттің көмегімен үйінен шығып кетіп, жоғалып кеткен 77 жастағы ер адамды аман-есен тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Атырауда қызметтік ит хабарсыз кеткен 77 жастағы қарияны тапты Фото: gov.kz

Оқиға 23 тамыз күні кешкі уақытта болған. Сағат 23:50 шамасында полицияға қарт адамның үйінен шығып, белгісіз бағытқа кеткені туралы хабарлама түскен.

Іздеу жұмыстарына кинологтар Рахымжан Ерболат пен Еламан Утеулиев және қызметтік іздестіру иті Герда жұмылдырылды. Мамандар алдымен Гердаға жоғалған адамның киімін иіскетіп, іздеуді оның үйінің маңынан бастады.

Ит шамамен 2 шақырым жүргеннен кейін канал маңындағы қамыстың арасынан жоғалған ер адамды тауып алды. Оның жағдайы жақсы.

Полицияның мәліметінше, Герда 2024 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол бірнеше іздеу операциясына қатысып, кинологтардың сенімді көмекшісіне айналған.

Қызметтік иттердің өткір иіс сезу қабілеті жоғалған адамдарды қысқа уақытта табуға мүмкіндік береді. Бұл жолы да Герданың көмегі іздеу жұмыстарының нәтижелі аяқталуына ықпал етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу