Атырауда маммология орталығы ашылды

1214

Медициналық орталық жылына 8 мың әйелді қабылдай алады. 

Атырауда маммология орталығы ашылды

Атырауда маммология орталығы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс орталығында алғашқы маммология орталығы ашылды. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстанның бас онкологы Диляра Қайдарова қатысты.

Медициналық мекеме қала тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді.

"Жаңа орталық жылына 8 мыңға дейін зерттеу жүргізеді. Мұнда заманауи жабдықтар бар. Бұл онкология ауруларын дер кезінде анықтап, шұғыл емдеуге мүмкіндік береді", – деді облыс әкімі.

Еліміздің бас онкологының айтуынша, маммология орталығы әйелдер арасында скрининг жүргізу сапасын арттырады.

Бұл қызмет өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көрсетіледі.

"Елімізде 23 маммология орталығы бар. Атырауда ашылған орталықта гормондық және молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізетін клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Ол өлшемі 1 мм дейінгі қатерлі ісікті анықтауға мүмкіндік береді", – деді Диляра Қайдарова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, бүгінде Атырау өңірі онкологиямен ауру көрсеткіші  бойынша 13-орында тұр.  

"Жыл сайын өңірде 700-ден аса ауру дерегі анықталады. Қазір 4 мыңға жуық науқас облыстық онкологиялық диспансерде есепте тұр. Сондай-ақ сүт безі қатерлі ісігі көрсеткіші бойынша облыс 2-орында. Бірінші стадиядағы сүт безі қатерлі ісігі бар науқастарды анықтау өте төмен деңгейде. Жаңа орталық бұл ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді", деді Асхан Байдувалиев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу