Атырау қаласының әкімдігі қайтыс болған 30 тұрғынның шотына бюджет қаражатынан ақша аударған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Марқұмдар бұрын мүмкіндігі шектеулі адам санатында тұрған екен. Ерекше жандарға бір реттік көмек көрсетпек болған мемлекеттік қызметшілер, олардың өмірде бар жоқтығын тексермепті. Шенділердің бұл ісін прокуратура заңсыз деп таныды. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқығын бұзу бойынша жалпы 100-ден аса дерек анықталған. Мәселен, қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары мекемеден ай сайын еңбекақы алып отырса да, міндеттерін дұрыс атқармапты. Ерекше жандарға қарайласуы керек болған қызметкерлер қосымша жұмысқа тұрып, табыс тапқан. Өздігінен жүріп тұруы қиын жандарға қалалық мәслихаттағылар да бейжәй қарайтыны белгілі болды. Кейбір мекемелер болса мүмкіндігі шектеулі жандарға артық жұмыс істеткен екен.
"Мемлекеттік органда жұмыс жасайтын мүгедек тұлғалар бар. Олардың құқықтары өрескел бұзылған. Яғни олардың жұмыс уақыты заңсыз ұзартылған 40 сағатқа дейін. Бүгінгі күні олардың жалақысы сақтала отыра, қосымша демалыспен қамтамасыз етілді. Қала прокуратурасымен заңбұзушылықтар толық жойылып, қадағалау актісі енгізіліп, жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапқа тартылды", - деді Қалалық прокуратураның бөлім бастығы Ерлан Кәкиев.