Атырауда масамен күрес жұмыстары 26 наурызда басталды. Соған қарамастан, қала тұрғындарын қансорғыш жәндіктің көбейіп кеткені алаңдатып отыр. Бұл туралы ATPress.kz хабарлайды.
Масамен күрес жұмыстарына жауапты қалалық ТҮКШ бөлімінің айтуынша, жергілікті әкімдік биыл дәрілеуге бюджеттен 130 млн теңге бөлген. Ал конкурста өз қызметін 52 млн теңгеге бағалаған "Биоген Инжиниринг Лимитед" ЖШС жеңімпаз деп танылыпты.
Бүгінде жеке серіктестік масаны улау жұмыстарына төрт арнайы техникасы мен жалпы 18 адамнан тұратын алты бригадасын жұмылдырған. Қазірге дейін қаладағы 977 үйдің 700-і және қала іргесіндегі жеті ауылдық округ дәріленген.
Енді қансорғыш жәндікті улау Атыраудағы 277 үйдің жертөлесі мен қала көшелеріне және Атырау, Кеңөзек ауылдарына жүргізіледі.
Ескерер мәселе, жауапты компания барлық мекеме мен елді мекендерде, демалыс орындарында масаларды ай сайын бір рет улайтын болады. Жалпы, масамен күрес жұмыстары қараша айына дейін созылады деп жоспарланған.