Атырауда медициналық оқу орнының филиалы ашылды
Бұл өңірдегі дәрігер мамандардың жетіспеушілігі проблемасын шешуге ықпал етпек.
>Атырауда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің филиалы ашылды. Резидентураның 90 пайызы тәжірибе болса, 10 пайызын оқып білім алу құрайды. Оқу жүйесі кредиттік бағдарламамен жүрмек, деп жазды
inbusiness.kz тілшісі.
Атырау жоғары медициналық колледжі базасында ашылған филиалдың лентасын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті басқармасының төрағасы-ректор міндетін атқарушы, профессор Эльнара Исмағұлова қиды. Өз кезегінде мұнайлы өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері сұранысқа ие медициналық мамандарды көптеп даярлау керектігін айтып, мәселелерін ортаға салды.
"Бізде тәжірибеден өтіп жатқан реаниматолог-анестезиолог-резиденттердің тәжірибе жүзінде үйренуге ынталары өте жоғары, біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс жасап келеміз. Алайда облыста педиатр, неонатологтар жетіспейді. Осы мамандықтар бойынша дәрігер-резиденттерді дайындауды арттыруға қолдау жасауыңызды сұраймыз", – деді Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұхамбетов.
Атырау қалалық перзентхана бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпова акушерия-гинекология мамандығы бойынша резиденттерді осы облысқа көптеп жіберуді сұрады.
Атырау облыстық штаттан тыс реаниматолог-анестезиологы Жангелді Қадыровтың айтуынша, қазіргі таңда Атырау облысында 1, 2, 3 курстарда оқып жатқан дәрігер-резиденттердің ішінде 22 реаниматолог-анестезиолог резидент бар. Оның ішінде 14 дәрігер-резидентке облыстық әкімдіктің қолдауымен грант бөлінген. Батыс Қазақстан медицина университетінің дәрігер-резиденттері облысқа, әсіресе, былтырғы пандемияның өршіген кезінде көп көмектескен. Олар жұқпалы ауруханада мен модульдік аурухана дәрігерлермен бірлесе еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтап қана қоймай, індетті еңсеруге зор үлес қосқан.
"Резидентураның 90 пайызы тәжірибе болса, 10 пайызын оқып білім алу құрайды. Оқу жүйесі кредиттік бағдарламамен жүреді. 5 мың студентке 551 оқытушымыз бар. Медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы жетіспейді. Сондықтан дәрігер-резиденттерге деген сұраныс барлық салада болып отыр", – дейді Батыс Қазақстан медицина университеті басқармасының төрағасы-ректор міндетін атқарушы Эльнара Исмағұлова.
Сонымен бірге Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев "Аймақта 1,2,3, курста оқып жатқан 36 резидент тәжірибеден өтіп, еңбек етіп жатқандығын, оларға 13 тәлімгер жетекшілік ететінін жеткізді.
Құралай Қуатова
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу