Атырауда мектеп директоры сотталды

1192

Оған бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылған.

Атырауда мектеп директоры сотталды

Атырауда мектеп директоры 6 млн теңгеден астам қаражат жымқырды деген айыппен үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі күні келтірілген шығын толық өтелген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, М. Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп директоры А. Салихова 2018 жылғы қыркүйек пен 2021 жылғы шілде айлары аралығында қызметтен босаған және жұмыс жасап жүрген мүғалімдерге табель толтыру, бұйрық шығару арқылы Қазақстан Республикасы заңнамаларында белгіленген тәртіппен және куәландырылған ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, бюджет қаражаттарының негізсіз есептелуіне жол берген. 

"Сотталушының іс-әрекетінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері және мектептің қалыпты жұмысы бұзылып, 6 099 904 теңге көлемінде мемлекеттің заңмен қорғалған мүддесіне елеулі түрде зиян келіп, ауыр салдарға әкеліп соқтырған", – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Бұған дейін айыпталушы оған жала жапқан адамды сотқа беретінін мәлімдегеніне қарамастан тергеу барысында оның кінәсі жәбірленушілердің, кугерлердің жауаптарымен, сараптама, маман, аудит қорытындыларымен толықтай дәлелденген.

Сот білім мекемесінің бұрынғы басшысын мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Қазіргі күні оның 6 млн теңге залалды толықтай өтегені белгілі. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген. Үкім шығару барысында жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жас баласының болуы, кінәсін толық мойындауы және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде толық өтегені ескерілген. 

Айта кетейік, аталған мектеп былтыр 440 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмысын жасатып, одан кейін мұғалімдерінің спорт залының еденін жамап отырған фотосуреттері тарау арқылы аяқ астынан "танымал" болып кеткен еді. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу