Атырауда мектепке берілген планшеттер жарамсыз болып шыққан

788

Қазір олар ауыстырылып жатыр. 

Атырауда мектепке берілген планшеттер жарамсыз болып шыққан

Атырауда республикалық және жергілікті бюджет қаражатына сатып алынған планшеттердің бір бөлігі жарамсыз болып шыққан. Оны биылғы оқу жылы қарсаңында тапсырыс берілген оргтехниканың сапасы мен білім беру ұйымдарына жетуін тексерген "Атырау – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі анықтап отыр. 

Атап айтқанда, мониторинг кезінде жалпы саны 1999 планшеттің 166-сы пайдалануға жарамсыз екені белгілі болыпты. Оның ішінде Жылыой ауданына берілген 400 планшеттің 44-інен, Индер ауданынан 240 планшеттің 4-еуінен, Исатай ауданынан 240 планшеттің 29-ынан, Құрманғазы ауданынан 400 планшеттің 3-еуінен, Қызылқоға ауданынан 240 планшеттің 27-сінен, Мақат ауданынан 206 планшеттің 20-сынан, Махамбет ауданынан 273 планшеттің 39-ынан ақау шыққан. Қазір бұл планшеттер сатып алу келісімшартында көрсетілген бір жыл мерзімі өтпегендіктен, қайтадан ауыстырылып жатыр. 

Бұдан бөлек, 1 қазан күні келуге тиіс 1926 кешенді компьютер мен 15 697 ноутбук әлі жеткізілмепті. Облыстық білім беру басқармасы оның себебін пандемия кезіндегі қиыншылықтармен түсіндіреді. Планшеттерге, компьютер мен ноутбуктер сатып алуға жұмсалған бюджет қаржысы шамамен 2,8 млрд теңге құрайды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу